Қазақстанда қанша жастағы адамдар скринингтен өтуге міндетті

Автор: Алмас Ерсін

Әрбір адам өз емханасында скринингтен өте алады, ол үшін жеке куәлік болса жеткілікті

Фото: istockphoto.com

Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарды жыл сайын скринингтік зерттеп-қараудан өтуге шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Онкоскринингтер барлығына қолжетімді

Ведомствоның мәліметінше «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 80-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан азаматтары профилактикалық медициналық қарап-тексеруден және скринингтік зерттеулерден өтуге міндетті.

Сонымен қатар осы жылдан бастап МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан онкоскринингтер барлығына қолжетімді.

«Зерттеп-қараулар жүрек-қан тамырлары ауруларын, қант диабетін, глаукоманы, сүт безі, жатыр мойны мен ішектің обырын, В және С вирустық гепатиттерін, цереброваскулярлық бұзылуларды және басқа да қауіпті патологияларды ерте анықтауға бағытталған. Жас санаттары мен жиілігін дәрігер медициналық стандарттарға сәйкес анықтайды», - деп жазылған хабарламада.

Әрбір адам өз емханасында скринингтен өте алады – жеке куәлік болса жеткілікті. Дамумед мобилдік қосымшасы немесе call-орталық арқылы алдын ала жазылуға болады.

Көбінесе учаскелік дәрігерлер немесе мейіргерлер жас және басқа өлшемшарттар бойынша тізімдер жасай отырып, бекітілген халықты өздері шақырады.

Скринингтен кім және қашан өтеді

  • жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары: артериялық гипертония және жүректің ишемиялық ауруы - 40 пен 76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер
  • эндокриндік аурулар: қант диабеті - 40 пен 76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер
  • көру ағзаларының аурулары: глаукома - 40 пен 76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер
  • онкологиялық аурулар: сүт безі обыры - 40 пен 76 жас аралығындағы әйелдер; жатыр мойны обыры-30 мен 74 жас аралығындағы әйелдер; колоректалдық обыр - 50 мен 76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер
  • вирустық инфекциялар: В және С вирустық гепатиті - медицина қызметкерлері; жоспарлы және шұғыл операцияларға түсетін пациенттер; гемодиализ, гематология, онкология, трансплантаттау, жүрек-қан тамырлары және өкпе хирургиясы орталықтары мен бөлімшелерінің пациенттері; ағзаларды, тіндерді, жасушаларды гемотрансфузия және трансплантаттау жүргізілетін адамдар; жүкті әйелдер
  • цереброваскулярлық бұзылулар - 50 жастан 76 жасқа дейінгі ер адамдар.

Тіпті ешқандай белгі болмаған жағдайда да адам денсаулығына сенімді болу тексерілу қажет.