Түркістанда жасырын цех ашып, түтінсіз темекі дайындағандар сотталып кетті

Автор: Асыл Арман

Қаржылық мониторинг агенттігі арнайы операция жүргізді

Фото: ҚМА

Түркістан қаласында түтінсіз темекі өнімдерін заңсыз өндіру және өткізу фактісі бойынша Р. Омашев пен Е.Ташпулатовқа қатысты сот үкімі шықты. Істі Түркістан облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті тергеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жасырын цех жойылды

Арнайы операция барысында жалпы аумағы 1000 шаршы метр болатын, күн сайын 30-дан астам жұмысшы еңбек еткен жасырын өндіріс орны анықталып, жойылды.

Тергеу барысында шикізатты дайындаудан бастап логистиканы ұйымдастыруға және Астана, Алматы, Шымкент қалаларында ірі көтерме жеткізушілер арқылы сату арналарына дейінгі қылмыстық әрекеттің толық схемасы әшкереленді.

Заңсыз өнім мен қоспалар тәркіленді

Заңсыз айналымнан 635 қорап дайын өнім, азаматтардың денсаулығына қауіпті 57 канистр хош иістендіргіштер мен уытты қоспалар алынды.

Сот санкциясымен өндірістік жабдықтар және қылмыстық жолмен алынған табысқа сатып алынған автокөлікке тыйым салынды.

Айыппұл жазасы және мүлікті тәркілеу

Сот айыпталушыларды кінәлі деп танып, оларға айыппұл жазасын тағайындады. Автокөлік пен өндірістік жабдықтар мемлекет кірісіне тәркіленді.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.