Жамбыл облысында қорадан оқушының денесі табылды
Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр

Жамбыл облысында қайғылы оқиға болды. Байзақ ауданының Дихан ауылында 16 жастағы бозбаланың мәйіті табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиғаның мән-жайы
Бұл туралы ақпарат ZHEST_KZ Telegram каналында жарияланды. Алдын ала болжам бойынша ол қорада өз-өзіне қол жұмсаған. Оның мәйітін жұмыстан қайтқан анасы тапқан. Ауылдастарының айтуынша, бала төрт ағайындының кенжесі болған.
«Әкесі көп жыл бұрын жол апатынан көз жұмды, ағалары Астана мен Алматыда тұрады, ол анасымен бірге тұрды, биыл 11-сыныпқа баруы керек еді. Бір күн бұрын немере ағасының үйінде қонақта болған», - деп жазылған хабарламада.
Полиция не дейді
Қайғылы оқиғаға облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі түсініктеме берді. Кәмелетке толмаған баланың денесінен көзге көрінетін зорлық-зомбылық белгілері табылмаған, сотқа дейінгі тергеу басталды.
«Оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған бірқатар тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге мәлімет жария етілмейді», - деді полиция департаменті.