Алматыда Дженнифер Лопестің концертіне жалған билет сатқан адам ұсталды

Автор: Асыл Арман

Оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды

Фото: ҚР ІІМ

Алматыда полиция Дженнифер Лопестің концертіне жалған билет сатқан ер адамды ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР ІІМ-ге сілтеме жасап.

10 тамызда Алматыда өткен америкалық әншінің концертіне барлық жанкүйер кіре алмады – кейбірі қолдан жасалған билеттер сатып алған. Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, алаяқтық жасады деген күдікпен бір адам қамауға алынды.

Тергеу деректеріне сүйенсек, күдікті интернет-платформалардың бірінде хабарландыру жариялап, екі жалған билет сатқан.

«Мұндай жағдайға тап болмас үшін билеттерді тек ресми сайттардан немесе сенімді кассалардан алуды кеңес етеміз», – деді Алматы қаласы ПД Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Еркебұлан Қойшыбаев.

Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, ол қамауға алынды.