«Қымыз іштім»: елордада мас жүргізуші мен көлік иесі қамауға алынды

Автор: Алмас Ерсін

Медициналық тексеру екеуінің де ішімдік ішкенін анықтады

Фото: Freepik.com

Астанада мас жүргізуші мен көлік иесі жауапқа тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Жүргізуші кінәсін мойындамады

Полиция полкінің қызметкерлері көлікті таңғы уақытта Тұран даңғылында тоқтатқан. Алайда жүргізуші полицияның талабына бағынбай, жолын жалғастыра берген. Полицейлер көлікті басқарған 21 жастағы жігіттің мас екенін байқайды. Алайда жүргізуші қымыз ішкенін айтып ақталған.

"Медициналық тексеру оның ішімдік ішкенін растады. Сонымен қатар оның көлік жүргізу құқығы да болмағаны анықталды», - дейді полицейлер.

Айдап келе жатқан көлік өзінікі емес, кілтін қасында отырған досы берген. Көлік иесінің өзі де мас болған.

«Мас әрі жүргізу куәлігі жоқ адамға рөлді тапсырғаны және өзі де мас күйде көлік басқарғаны үшін ол 7 жылға жүргізу құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Ал көлікті айдаған азамат сот шешімімен 20 тәулікке қамалды», - деп жазылған хабарламада.

Бір аптада 27 мас жүргізуші анықталды

Өткен демалыс күндері елордалық полицейлер мас күйінде көлік жүргізудің 27 дерегін анықтады. Полиция қызметкерлері көлікті мас күйінде басқару немесе рөлді мас адамға не жүргізу куәлігі жоқ адамға беру ауыр жазаға соқтыратынын ескертті. Барлық құқық бұзушы заң алдында жауап береді.