GTA ойынына ұқсас: Ақтауда полициядан қашқан жүк көлігінің ісі сотта қаралды
Полиция қызметкерлері жүк көлігін тоқтатпақ болғанымен, жүргізуші бағынбай, оқиға орнынан ізін суытпақ болды

Ақтауда түн ішінде фураны қуған полицейлердің оқиғасы жұртты шошытты. Іс сотта қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақтау қаласында ірі жүк көлігінің жүргізушісіне қатысты іс қаралды. Ол түнгі уақытта қала ішінде полицейлерден қашпақ болған. Оқиға 29 шілде күні түнгі бір шамасында басталған. Промзона-6 ауданында кері шегінген кезде жүргізуші басқа көлікке соқтығысып, оқиға орнынан дереу ізін суытқан.
Еске салсақ, полиция қызметкерлері жүк көлігін тоқтатпақ болғанымен, жүргізуші бағынбай, оқиға орнынан ізін суытпақ болды. Куәгерлердің айтуынша, оқиға кейінірек әлеуметтік желілерде GTA ойынымен салыстырылған.
«Жүргізуші тоқтау туралы талапты елемей, қозғалысын жалғастырды. Полиция бірнеше экипажды шақыруға мәжбүр болды», – дейді оқиғаны көзімен көргендер.
Сот отырысына құқық бұзушы келмеген, сот процесін кейінге қалдыру туралы өтініш те бермеген. Сол себепті іс оның қатысуынсыз қаралды. Сот ҚР ӘҚБтК 610-бабы 1-бөлігі және 611-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 78 640 теңге айыппұл салды және бір жылға жүргізуші куәлігінен айырды.
Аталған қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ.