Астанада мемлекеттік орган мүмкіндігі шектеулі баланы жәрдемақысыз қалдырған
Даулы жағдайға қатысты сот шешімі шықты

Елорда тұрғыны денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулі ұлына кешіктіріп тапсырған өтінішіне байланысты жәрдемақы ала алмай қалған. Алайда сот ананың талабын қанағаттандырып, мемлекеттің оны да, күтімді қажет ететін баланы да қорғауға міндетті екенін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астана тұрғыны 2010 жылдан бері денсаулығына байланысты 1-топ мүгедектігі бар ұлына күтім жасау үшін жәрдемақы алып келген. Ұлы бала кезінен ауыр неврологиялық және психикалық аурулармен ауырады, өз-өзіне күтім жасау қабілетінен айырылған, соның ішінде ақыл-ойы кем.
2024 жылдың қазан айында ол кәмелетке толған. Алайда анасы жәрдемақы тағайындау туралы өтінішті уәкілетті органға тек 2025 жылдың ақпан айында ғана тапсырған. Осыған байланысты 2024 жылдың қазанынан 2025 жылдың ақпанына дейінгі кезең үшін жәрдемақы тағайындалмаған.
Аталған кезеңге жәрдемақы төлеуден бас тартумен келіспеген әйел сотқа жүгінді.
Сот өтініш берген күннен бастап төлемдерді тағайындаудан бас тартуға негіз жоқ екенін көрсетіп, мемлекеттік органның әрекетін заңсыз деп таныды. Ұлының денсаулығы кәмелетке толғаннан кейін де өзгермеген – ол бұрынғыша тұрақты күтімді қажет етеді.
Даулы кезеңде анасы ұлына күтімді жалғастырған, жұмыс істемеген, оны әрекетке қабілетсіз деп тану және қамқоршылық рәсімдеу шараларымен айналысқан, яғни жәрдемақыға өтініш беру үшін қажетті құжаттарды жинаған.
«Сот мұндай жағдайда мемлекеттің міндеті – денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулі азаматты да, оған күтім көрсететін тұлғаны да қорғау екенін атап өтті. Осыған байланысты талап қою толық қанағаттандырылды.
Сот жеке қаулы шығарып, мемлекеттік органға әкімшілік рәсімді бұзғаны туралы хабарлама жіберді. Сондай-ақ, бүкіл даулы кезең үшін жәрдемақыны қайта есептеп, төлеуді міндеттеді.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ», – делінген сот хабарламасында.