Ақтөбе қаласындағы бір бассейнде екі адам суға батып кетті
Полиция тергеу жұмысын жүргізіп жатыр

Ақтөбе қаласындағы бір бассейнде екі бірдей адам суға батып кетті. Полиция оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, әртүрлі уақытта болған екі оқиға бойынша «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды өндіру, сақтау не өткізу, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» бабымен қылмыстық іс қозғады.
Айта кетерлігі, аталмыш бассейнде 28 шілде күні Ақтөбе қаласындағы жекеменшік бассейндердің бірінде 27 жастағы ер адам көз жұмды. Ал 5 тамыз күні дәл сол бассейнде 38 жастағы тағы бір ер адам көз жұмғаны белгілі болды.
Полиция департаменті жуырда болған оқиғаға қатысты ресми пікір білдірді.
«Сараптама қорытындысына сәйкес, өлімнің себебі – жедел жүрек-қан тамыр жетіспеушілігі.
Алдын ала тергеу аясында нысан әкімшілігінің әрекеттеріне, әсіресе қауіпсіздік талаптарының сақталуына құқықтық баға беріледі. Сондай-ақ келушілердің өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында тиісті техникалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде нұсқама жолданды.
Полиция демалыс орындарының иелеріне осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін қауіпсіздік нормалары мен ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді», – делінген облыстық ПД хабарламасында.