Алматыда зейнеткерді алдаған алаяқ ұсталды

Автор: Асыл Арман

Полиция күдіктіні жедел анықтап, қамауға алды

Фото: Алматы қаласы ПД

Алматы қаласының Әуезов ауданында зейнеткерді алдап кеткен алаяқтың жолы кесілді. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 1986 жылы туған азамат бұрыннан таныс зейнеткердің сеніміне кіріп, шынайы ақша орнына сырт келбеті банкнотқа ұқсайтын сувенирлік купюраларды берген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қылмыс мұқият жоспарланған

Тергеу барысында анықталғандай, күдікті бұл әрекетін алдын ала ойластырған. Ол жәбірленушімен бұрыннан таныс болған және оған сенім ұялату арқылы алаяқтық әрекетін іске асырған.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Полиция тұрғындарға ескерту жасады

Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Данияр Меңдебаев бұл жағдайға байланысты тұрғындарды, әсіресе егде жастағы азаматтарды абай болуға шақырды:

«Алаяқтық, әсіресе егде адамдарға қатысты жасалса – бұл өте арам әрі ауыр қылмыс. Біздің қызметкерлеріміз жедел әрекет етіп, күдіктіні қолға түсірді. Азаматтардан сұрарымыз – тіпті бұрыннан таныс адамдарға да сене бермеңіздер. Ақпаратты әрқашан тексеріп, күмән туындаған жағдайда полицияға жүгініңіздер», – деді ол.

Қауіпсіздік кеңесі: зейнеткерлерге және олардың туыстарына арналған кеңестер

Алматы полициясы тұрғындарға мынадай кеңестерін ұсынады:

  • Бейтаныс адамдарға ақша немесе бағалы заттарды сеніп бермеңіздер;
  • «Кепілді» пайда уәде ететін келісімдерге сенім артпаңыздар;
  • Кез келген күдікті жағдай туындаса, бірден полицияға хабарласыңыздар.