«400 млн теңге заңсыз табыс»: криптовалютамен сауда жасаған қазақстандық Дубайда ұсталды
Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторына қамалды

Бас прокуратура мен Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшілігінің көмегімен криптовалютамен заңсыз сауда жасағаны үшін іздеуде жүрген Қазақстан азаматын Дубайдан экстрадициялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Күдікті 2022-2024 жылдар аралығында арнайы лицензиясыз «Binance» криптобиржасы платформасында жеке тұлғаларға цифрлық активтерді сатып алу, сату және айырбастау қызметтерін көрсетіп, 400 млн теңге көлемінде заңсыз табыс тапқан.
Қылмыстық жауапкершіліктен жалтару мақсатында ол жасырынып жүрген, осыған байланысты халықаралық іздеуге жарияланған.
Биыл ақпанда күдікті Дубай қаласында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторына қамалды.
Аталған қылмыс үшін мүлкін тәркілеумен қатар, бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.