СҚО-да 15,9 млн теңге жымқырған шенеунік 8 жылға сотталды
Прокуратура тексерісі бюджеттік қаражатты жымқыру дерегін әшкереледі

Солтүстік Қазақстан облысында бюджеттің 15,9 миллион теңгесін жымқырған лауазымды қызметкер сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокуратура органдары бюджет қаражатын пайдалану саласындағы заңдылықтың сақталуын тұрақты бақылауда ұстап келеді.
Жалған мемлекеттік сатып алу шартына қол қойған
Тайынша ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде жүргізілген тексеру барысында мекеме басшысының қомақты сомадағы бюджеттік қаражатты жымқырғаны анықталды.
Тергеу барысында лауазымды тұлға Тайынша қаласындағы әлеуметтік маңызы бар нысандарды жылумен қамту үшін модульдік құбыр өткізгішке арналған құрылғыны сатып алу мақсатында бір көзден мемлекеттік сатып алу шартын жалған жасасқаны белгілі болды.
Айта кету керек, кәсіпкер бұл заңсыз әрекеттен бейхабар болған.
8 жылға сотталып, өмір бойына мемлекеттік қызметтен шеттетілді
Аудан прокуратурасы 2024 жылғы 6 шілдеде Қылмыстық кодекстің 189-бабы, 4-бөлігінің 2-тармағы (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған.
2025 жылғы 30 маусымда Тайынша аудандық сотының үкімімен бөлім басшысы аталған қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 8 жыл бас бостандығынан айыру, мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда өмір бойына лауазым атқаруға тыйым салу жазасы тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне әлі енген жоқ.