Алматыда велосипедші көлік астына түсті: қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр

Автор: Мөлдір Қазыбай

Оқиға Медеу бағытындағы жолда болған

Фото: istockphoto.com

Алматыда велосипедші жол апатына ұшырап, ауыр хәлде ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, 6 тамыз күні таңғы сағат 8:20 шамасында Медеу ауданында «Toyota Camry» көлігінің жүргізушісі Керей-Жәнібек хандар көшесімен оңтүстік бағытта келе жатып, солға бұрылу кезінде солтүстік бағытта келе жатқан велосипедшіні қағып кеткен.

Желіде жарияланған мәліметке сүйенсек, спортшының қабырғалары сынған, сонымен қатар ішкі органдары – өкпе, бауыр, көкбауыр және қуық тұстары зақымданған.

Оқиғаға байланысты Медеу аудандық полиция басқармасының тергеушілері жол апатының мән-жайын анықтау жұмысын бастады.

Ал қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі науқастың Орталық қалалық клиникалық ауруханаға ауыр қосарланған жарақатпен жеткізілгенін хабарлады.

«Жедел түрде шұғыл ота жасалды. Қазіргі уақытта науқас жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайы ауыр», – делінген дәрігерлер мәлімдемесінде.