Астанадағы орталық көшелердің бірі бір айға жуық уақытқа жабылады

Автор: Асыл Арман

Қала әкімдігі түсініктеме берді

Фото: ЖИ арқылы жасалды/ChatGPT

Астанадағы орталық көшелердің бірі – Төле би көшесінің бір бөлігі бір айға жуық уақытқа жабылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астана әкімдігінің мәліметінше, Төле би көшесінің Р.Бағланова көшесінен Ұлы Дала даңғылына дейінгі аралығын салу жобасы аясында инженерлік желілерді салу және Төле би мен Орынбор көшелерінің қиылысында жол салу жұмысын жүргізеді.

«Осыған байланысты биылғы жылдың 7 тамызы мен 1 қыркүйегі аралығында аталған учаскеде көлік қозғалысы толықтай жабылады. Бұл ретте көлік қозғалысы сызбада көрсетілген бағытпен ұйымдастырылатын болады.

Елорда тұрғындары мен қонақтары қала жолдарында кептеліс болдырмас үшін қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауы қажет», – делінген әкімдік хабарламасында.