Таразда 16 жыл қызмет еткен сарбаз зейнетке шыққан соң баспанасыз қалды
Таразда экс-әскеридің отбасына баспана төлемі толық көлемде қайтарылды

Таразда бұрынғы әскери қызметкердің тек өзі емес, барлық отбасы мүшелері үшін де бір реттік тұрғын үй төлемін алу жөнінде құқығы қорғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Зейнетке шыққан соң баспанасыз қалды
Талапкер 2005 жылдың қаңтарынан бастап әскери бөлімде инфекциялық бөлімше маманы ретінде «кіші сержант» шенінде қызмет атқарған.
2018 жылдың наурызында әскери қызметтің шекті жасына жетуіне байланысты запастағы құрамға шығарылған.
Төрт адамнан тұратын отбасы үшін төлем талап еткен
2021 жылдың сәуірінде ол әскери бөлім басшылығына өзі және төрт адамнан тұратын отбасы мүшелері үшін біржолғы тұрғын үй төлемін төлеу туралы рапорт жолдаған.
Алайда 2021 жылдың қыркүйегінде тұрғын үй комиссиясы оған 5,5 миллион теңгеден астам қаражат төлеу туралы шешім қабылдағанымен, бұл сома тек талапкердің өзі үшін есептелген, отбасындағы жұбайы мен екі баласы ескерілмеген.
«Баспанадан шығарып жатыр, берілген сома пәтер сатып алуға жетпейді»
Сот мәліметінше, талапкердің отбасы қазіргі таңда әскери бөлімнің ведомстволық пәтерінде тұрып жатыр. Алайда оларды сол жерден шығарып жатыр, ал берілген төлем пәтер сатып алуға жеткіліксіз.
Сот: комиссия шешімі заңсыз
Сот отырысында әскери бөлім командирі әрі тұрғын үй комиссиясының төрағасы талапты мойындады.
Нәтижесінде, сот комиссия шешімін заңсыз деп танып, оны барлық құжаттар мен сол кездегі заңнамаларға сай қайта қарауды тапсырды.
Сонымен қатар, жауапкерден мемлекеттік баж алымы өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енді.