Қытайда жаңа инфекция тарады: оны мыңдаған адам жұқтырып үлгерді
Гуандун провинциясында ең көп жұқтыру дерегі тіркелді

Қытайда чикунгунья безгегіне шалдыққан науқастар саны артып келеді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі РИА Новости басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Елдегі індеттің ошағы – Гуандун провинциясы. Соңғы аптада бұл өңірде 4 мыңға жуық жаңа жағдай тіркелген.
Ауыр жағдайлар мен өлім-жітім тіркелген жоқ
ҚХР билігінің мәліметінше, аурудың ауыр формалары немесе өлім жағдайлары әзірге тіркелмеген. Науқастардың басым бөлігі Фошань қаласынан анықталған.
Безгек неден тарады?
Қытайлық жұқпалы аурулардың алдын алу мамандары індеттің кеңінен таралуына су тасқыны маусымы себеп екенін айтуда. Бұл кезеңде масалар көбейіп, түрлі вирустар тасымалдай бастайды. Мамандардың айтуынша, эпидемияның қарқынды таралуы әзірге тоқтатылғанымен, профилактикалық шаралар міндетті түрде қолға алынуы керек.
Қандай сақтық шаралары қабылданып жатыр?
Мамандар жұқтыру қаупін төмендету үшін келесі шараларды ұсынады:
- Тұрып қалған суларды тазарту;
- Масаларды жою;
- Масалардың шағуынан қорғану (жабық киім, торлар қолдану).
Ғалымдар ерекше жәндіктерді қолданып жатыр
Бұған дейін қытайлық БАҚ жергілікті ғалымдардың чикунгунья безгегін тарататын масаларды жою мақсатында ерекше түрдегі ірі маса дернәсілдерін табиғатқа жіберіп жатқаны туралы хабарлаған. Бұл дернәсілдер ауру тарататын масаларды жеп, олардың көбеюіне тосқауыл болады деп күтілуде.