$ 541.82  627.1  6.78
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда интернет-алаяқтық үдеп барады: олар жұрттан 6 млрд теңге үптеп кетті

Прокуратураның мәліметінше, тек 26%-ы ғана өтелген

Қазақстанда интернет-алаяқтық үдеп барады: олар жұрттан 6 млрд теңге үптеп кетті
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Бас прокуратурада интернет-алаяқтықпен күрес мәселелері бойынша ведомствоаралық кеңес өтті. Ведомствоның мәліметінше, 2024 жылы 14 мыңнан астам кибералаяқтық фактісі тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22%-ға көп, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Келтірілген шығын көлемі 6 млрд теңгеден асқан. Оның тек 26%-ы ғана өтелген. 217 дроппер (ақша аударымына делдал болған тұлғалар) жауапкершілікке тартылып, 61 киберқылмыстық топ әшкереленген. Сонымен қатар 2,9 млрд теңгеден астам сомаға күдікті транзакциялар бұғатталған.

Кеңесте жеке деректердің таралуы, SIM-карталардың заңсыз айналымы және SIP-телефонияны қолдану мәселелері қаралды. Сондай-ақ Бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен ақпанда өткен Құқықтық тәртіп жөніндегі үйлестіру кеңесінің шешімдерін орындау маңыздылығы атап өтілді.

Жәбірленушілердің құқықтарын қорғауға ерекше назар аударылды: алаяқтар рәсімдеген несиелерді тоқтату және дропперлерден қаражат өндіру механизмдері қолданылып жатыр.

«Ескертеміз, биылғы қыркүйектен бастап Қылмыстық кодекске 232-1-бап енгізіледі. Ол өз төлем құралдарын үшінші тұлғаларға материалдық сыйақы үшін заңсыз берген дропперлерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейді. Бұл құқықбұзушылық үшін тек қаржылық шектеулер ғана емес, жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған», – делінген хабарламада.

Азаматтарға ескерту: егер сіздің есепшотыңызды бөгде адамдар пайдаланып жатса, дереу банкіңізге хабарласыңыз немесе картаңызды онлайн-банкинг арқылы өзіңіз бұғаттаңыз.

Серіктес жаңалықтары