Күдікті Нәжімеденов көшесіндегі көпқабатты үйдің жанынан ұсталды
Астанада экстази мен мефедрон сатып жүрген 26 жастағы жігіт ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 26 жастағы азаматтың есірткі таратумен айналысуы мүмкін екені туралы хабарлама келіп түскен.
Полиция қызметкерлері Нәжімеденов көшесіндегі көпқабатты үйдің жанында күдіктіні ұстады.
Пәтеріне тінту жүргізу барысында жасыл түсті таблетка тәрізді заттар салынған 314-тен астам орама мен ерекше иісі бар ақ түсті зат салынған пакетті тапты. Сараптама нәтижесі тәркіленген заттардың құрамында «экстази» атауымен танымал MDMA және меткатинон — мефедрон бар екенін көрсетті.
Белгілі болғандай, күдікті өз қызметін интернет-дүкендердің бірі арқылы жүзеге асырған. Ол үйлестірушінің нұсқауы бойынша «тауарды» алып, таратумен айналысқан.
«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркелді. Күдіктіні медициналық куәландыру барысында есірткі қолданғаны анықталып, ол сот шешімімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды және 10 тәулікке Арнайы қабылдағышқа қамалды. Бұл мерзім аяқталғаннан кейін ол тергеу аяқталғанша уақытша ұстау изоляторына ауыстырылады.
Астана қаласы Полиция департаменті азаматтарды синтетикалық және өзге де есірткі мен психотроптық заттарды «жерге көміп тастау» (яғни, «закладка» әдісі) арқылы тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді», – делінген қалалық ПД хабарламсында.