Алматы тауларына шыққан әйел адам аяғын сындырып алып, төмен түсе алмай қалды

Автор: Асыл Арман

Оған таулы аймақта көмек қажет болды

Фото: ҚР ТЖМ

Алматы тауларына серуендеп шыққан әйел адам аяғын сындырып алып, төмен түсе алмай қалды. Оған құтқарушылар көмектесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы қаласындағы Алма-Арасан шатқалынан жоғары орналасқан Терра жайлауында әйел адамның аяғын сындырып алғаны туралы ақпарат құтқарушыларға 3 тамыз күні түскен. Зардап шеккен адам өз бетімен қозғала алмаған, оны қол жетуі қиын, биік таулы аймақтан арнайы көмекпен эвакуациялау қажет болды.

Құтқарушылар 2650 метр биіктіктен түсірді

Оқиға орнына Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің РОСО жедел құтқару жасағы аттанды. Құтқарушылар Терра жайлауына жаяу жолмен көтеріліп, операцияны қараңғыда, нөсер жауын мен тайғақ соқпақтарда жүргізді.

Әйел адам 2650 метр биіктіктен түсіріліп, алғашқы медициналық көмек көрсету үшін АМО (жедел медициналық жәрдем) бригадасына тапсырылды.

Зардап шеккен – 1960 жылы туған әйел

Құтқарушылардың нақты әрі кәсіби әрекетінің арқасында 1960 жылы туған азаматша аман-есен жеткізілді. Қазір оның жағдайы дәрігерлердің бақылауында.