Әдістемелік кабинетке 14 дана кеңсе жиһазы сатып алынғаны анықталды
Қостанай ауданының білім бөлімі тарапынан мемлекеттік қаржының тиімсіз пайдаланылғаны белгілі болды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Tobolinfo-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекеттік орган 2,2 миллион теңгеге аудандық білім бөліміне бағынбайтын әдістемелік кабинетке кеңсе жиһазын сатып алған. Бұл заңбұзушылықты «АДАЛ ДОС превенция» қоғамдық бірлестігі мен «ГрИн» Қостанай облыстық азаматтық альянсы жүргізген тексеріс барысында анықтаған.
Аудит кезінде «Ауданның үздік білім беру жүйесі» атты іс-шараға бюджеттен қаржы бөлу туралы ешқандай ресми өтінім болмағаны белгілі болды. Алайда қағаз жүзінде қызметкерлерге ынталандыру көрсетілген. Бұл мақсатқа облыстық білім басқармасынан мемлекеттік сатып алудан үнемделген қаражат бөлінген.
Тексеру барысында департамент Қостанай ауданының білім бөліміне қарсы тексеру жүргізіп, бөлінген қаржының қаншалықты заңды және мақсатты жұмсалғанын зерттеді.
«Тексеру нәтижесінде Қостанай ауданының білім бөліміне тиесілі емес әдістемелік кабинетке 14 дана кеңсе жиһазы сатып алынғаны анықталды. Жиынтық құны – 2,2 млн теңге», – делінген қоғамдық ұйымдарға жолданған ресми жауапта.
Мұндай әрекет Қазақстан Республикасының Бюджет кодексін бұзу болып саналады. Сондықтан заңсыз төленген қаражат бюджетке кері қайтарылды.
Сонымен қатар, департамент білім басқармасына анықталған бұзушылықтарды жою және оған жол берген қызметкерлердің жауапкершілігін қарастыру туралы ресми нұсқама жолдады.