Карантин кезінде тұрғындарды тым қыспаққа алу кері әсер беріп жатыр – Оңдасын Оразалин
Облыста 1727 рет нысандарға тексеру жүргізген

Ақтөбеліктер ешқандай тыйымдарға қарамастан дәстүрлі шараларды өткізуді қояр емес. Бұл туралы Оңдасын Оразалиннің төрағалымен өткен аппарат отырысында белгілі болды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауовтың сөзінше аурушаңдық артуына босаңсыту шараларының салдары, белсенді скриниг өткізілуі, санитарлық талап сақталмауы себеп болып отыр.
«Облыста 5 облыстық, 2 қалалық және 76 аудандық ,ауылдық округтерде мониторингтік топтар құрылған. Олар 1727 рет нысандарға тексеру жүргізген. Сонда кіреберіс жерлерде пирометр және санитайзер құралдарының болмауы, ара қашықтықтың сақталмауы сияқты кемшіліктер анықталған»,- деді ол
Осы орайда, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева облыс әкіміне өңір тұрғындарының ешқандай тыйымдарға қарамастан дәстүрлі шараларды өткізіп отырғандарын мәлімдеді.
Аймақ басшысы қауіпсіздік шаралары маңызды екенін, дегенмен тұрғындарды тым қыспаққа алу, керсінше кері әсерін беруі мүмкін екендігін айтты.
«ТЖ кезінде ақтөбеліктер барынша тәртіп сақтады. Жұмыс мерзімдерін қарастыру қажет. Менің ойымша уақыттарын шектеген сайын азаматтар одан сайын көп жинала береді. Демалатын уақытта субұрқақтарды өшіріп тастау мәселесіне тұрғындар реніш білдіруде. Шектеу мен тыйымдар ақылға қонымды болуы тиіс. Жағдайға байланысты шараларды да өзгерту керек. Қоғамдық көліктердің жүру уақытын ұзартып, азаматтардың көп шоғырлануын болдырмас үшін керсінше олардың жүріп тұруына мүмкіндік беру керек» -деді Оңдасын Оразалин.
Облыс әкімінің бұл пікірін облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Қанат Әлиев те қолдады. Департамент өкілдері той- жиын өткізудің тәртібін бірлесе отырып шешпек.