$ 543.24  619.89  6.78
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Павлодар облысында бес жасар баланың үстіне футбол қақпасы құлап кетті

Оқыс оқиға Жертұмсық ауылында болды

Павлодар облысында бес жасар баланың үстіне футбол қақпасы құлап кетті
Фото: Павлодар облысы ПД

Павлодар облысына қарасты Жертұмсық ауылында ойнап жүрген бес жасар баланың үстіне бекітілмеген темір футбол қақпасы құлап кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бала ауруханаға жатқызылды

Зардап шеккен бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Оның жағдайы қазіргі уақытта қанағаттанарлық, деп мәлімдеді дәрігерлер.

«Баланың диагнозы – жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы. Қазіргі таңда жағдайы тұрақты, стационарлық ем қабылдап жатыр», – деді балалар нейрохирургі Талғат Қасымбеков.

Қақпа ешкімге тиесілі емес болып шықты

Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, футбол алаңын ауыл тұрғындары өздері жасаған. Алайда алаң ешбір мекеменің балансында жоқ, қақпалар да бекітілмеген болып шықты.

«Оқиғаның себептері мен жағдайларын жою жөнінде аудан әкіміне нұсқама жолданды. Сонымен қатар, қауіпсіздік талаптарына сай футбол алаңын ұйымдастыру мәселесі көтерілді», – делінген департаменттің хабарламасында.

Ата-аналар жауапкершілікке тартылды

Оқиғадан кейін баланың заңды өкілдері – ата-анасы кәмелетке толмаған баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Серіктес жаңалықтары