Астананың зейнеткерлері Ташкентті таң қалдырып, бас жүлде жеңіп алды
Олар ансамбль болып өнер көрсеткен

Есіл ауданының белсенді ұзақ өмір сүру орталығының шығармашылық ұжымдары Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен халықаралық өнер байқауынан жүлделі оралды. Байқауға кәсіби және көркемөнерпаз топтар қатысып, өзара шеберлік байқасты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Орталықтың «Асыл мұра» домбырашылар ансамблі «Аспаптық өнер» номинациясы бойынша гран-при жеңіп алды. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Батыр Теміралиев, ал ансамбльді ұйымдастырушы Аманкүл Тоқбергенова болған.
Байқау барысында зейнеткер-домбырашылар Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін және өзбек халқының «Наманганның алмасы» әнін орындады. Соңғы әнге арнайы қойылған би композициясын Сырғагүл Дүтбаева шеберлікпен орындап, көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.
Зейнеткерлерден құралған тағы бір ұжым «Қазына» салт-дәстүрді дәріптеу тобының мүшесі Забира Айдосова «Халықтық вокал» жанры бойынша жеке орындауда Гран-при жүлдесін жеңіп алды.
Сондай-ақ:
- Раиса Мухамбеткалиева — «Вокал» жанры бойынша I орын
- Зағипа Жаналиева — халық әндері бойынша I орын
- «Шырқа гитара» клубы – вокалды-аспаптық жанр бойынша I дәрежелі лауреат атанды. Ұжым жетекшісі Бақытжан Сұлтанова кәсіби шеберлігімен ерекшеленді.
- «Бәйтерек» ансамблі — I орын иеленсе, ансамбль солисі Рымкеш Ордабаева Қадыр Мырзалиевтің сөзіне жазылған Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім» әнімен II орын жеңіп алды.
Әнші әжелеріміз дуэт форматында да жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
Айта кету керек, байқау қорытындысы бойынша Есіл ауданының шығармашылық ұжымдары 2025 жылдың соңында өтетін екі халықаралық фестивальге жолдама ұтып алды.