Шымкентте пәтерден жыныстық құлдыққа жегілген жасөспірім қыздар табылды

Автор: Алмас Ерсін

Оларды Тараз және Алматы қаласынан 22 жастағы қыз алып келген

Фото: istockphoto.com

Шымкентте 15 және 16 жастағы жасөспірім қыздар жыныстық құлдықтан құтқарылды. Бұл туралы қаладағы адам саудасына түскен адамдарға пана болатын №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.  

Жалдамалы пәтерден табылған

№3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының мәліметінше, Шымкентте 15 және 16 жастағы жасөспірім қыздар жыныстық құлдықтан құтқарылды. Қыздарды биыл 11 наурыз күні қалалық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері алып келген. Олар жалдамалы пәтерден табылған.

«Тергеп-тексеру кезінде қыздардың адам саудасына тартылып, құрбаны болғаны анықталған. Бірі Тараз қаласының, екіншісі Алматы қаласының тұрғыны. Оларды 22 жастағы қыз Шымкентке алып келген. Қыздар қайда, не үшін бара жатқанын білмеген», - деп хабарлады телеарна.

«Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, біздің орталыққа әкеліп, жайғастырды. Әрине ата-анасының өтінішімен келіп жайғасты.  Алғашқы кезден бастап медициналық, олардың денсаулықтары қалай болды, қалай келді, медициналық тексеруден өткіздік. Психологиялық, құқықтық көмектер берілді. Ең басты назар аударатынымыз осы көмек түрлері көрсетілді», - дейді №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы басшысының орынбасары Ғалия Муталиева.

Еңбекке жегілгендер де бар

Ғалия Муталиева орталыққа жылына құлдықтың құрбанына айналған 3-4 адам түсетінін атап өтті. Олардың ішінде жыныстық құлдыққа түскендерден бөлек еркінен тыс еңбекке жегілгендер де бар.

«Бір әйел мүгедек болып келді. Ол кісінің еңбегі қаналған, қорқытып-үркіту арқылы адам саудасына салған. Одан бөлек Өзбекстан азаматы болды. Оны да алдап-арбаумен жолымен қойшыларға тамақ жасату мақсатында алып барып, еңбек ақысын бермеген. Екеуін де күшпен ұстап, құжаттарын алып қойған», - деп толықтырды ол.

Қалалық әлеуметтік қорғау басқармасының дерегінше, соңғы 5 жылда Шымкентте 15 адам адам саудасына тап болған. Олар Қазақстан және Өзбекстан азаматтары. Құлдыққа түскендердің дені әйелдер екен. Кейбірі тіпті құлдықта балаларымен бірге болған.