Қостанайда криптовалюта саудасы арқылы пайда таппақ болған ер адам сотталды
Ол бес жылдан бері осы іспен айналысқан

Қостанайда 2020 жылдан бері заңсыз түрде криптовалюта сатып, пайда тапқан ер адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Криптобиржада сатқан, банкке салып заңдастырған
Тергеу материалдарына сәйкес, айыпталушы цифрлық активтерді заңсыз саудалаудан түскен кірісті банк депозиттеріне орналастырып, қосымша пайыздық табыс алған.
Ол сандық активтерді (криптовалютаны) заңды тіркеусіз, рұқсатсыз сатқан. Бұл – Қазақстан заңнамасына қайшы әрекет.
Сотта кінәсін мойындаған жоқ
Сот процесі барысында ер адам өз әрекетін заңсыз деп есептемейтінін айтып, кінәсін мойындаған жоқ және ақталуын сұрады.
Алайда сот оның әрекетін аса ірі көлемде заңсыз пайда табу және табысын заңдастыру ретінде бағалады.
Сот үкімі: 2 жыл бас бостандығынан айыру және тыйым салу
Сот айыпталушының жеке тұлғалық ерекшелігін, қылмыстың қоғамдық қауіптілік деңгейін, Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты жарияланған амнистия заңының жеңілдіктерін ескере отырып, оны 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сондай-ақ, сот шешімімен:
- 7 жыл бойы цифрлық активтер мен майнинг саласында жұмыс істеуге тыйым салынды;
- Заңсыз табысқа сатып алынған мүлік тәркіленетін болды.
Сот залында қамауға алынды
Сот үкімі заңды күшіне енген бойда айыпталушы залда қамауға алынды.