Қостанай облысында бақшасына есірткі өсірген адам ұсталды
Б.Майлин ауданында есірткі өсімдігін еккен тұрғын ұсталды
Қостанай облысында заңсыз есірткі өсімдіктерін өсіру дерегі анықталды. Бұл туралы Қостанай облыстық полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Бақшадан 13 түп каннабис табылды
Жедел іздестіру шаралары барысында Береговое ауылының тұрғыны үйінің ауласында 13 түп есірткілік өсімдікті заңсыз еккені анықталды.
Полицейлердің айтуынша, бұл – өзіне тән иісі бар каннабис өсімдіктері.
Тұқымды интернеттен сатып алған
Тергеу барысында күдікті тұқымдарды интернет арқылы сатып алып, өздігінен өсіргенін мойындаған.
Үйін тінту кезінде мынандай заттар табылып, тәркіленді:
- электронды таразылар;
- марихуанаға ұқсас өсімдік тектес заттар.
Медициналық сараптама не көрсетті?
Медициналық сараптама нәтижесі күдіктінің ағзасында каннабиноидтардың бар екенін растады.
Ол бұл заттарды тек жеке қолдану үшін сақтағанын айтқанымен, бұл оның қылмыстық жауапкершіліктен босатылуына негіз бола алмайды.
Сотқа дейінгі тергеу басталды
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Арнайы сараптама тәркіленген заттардың есірткі немесе психотроптық сипатқа ие екенін, олардың салмағы мен құрамын анықтау үшін тағайындалды.
Заң бойынша қандай жаза қарастырылған?
ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес, мұндай құқықбұзушылық үшін екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Полиция азаматтарға ескертеді, есірткі заттарын өсіру, сақтау және жеке қолдану – қылмыстық жауапкершілікке әкелетін әрекет, мөлшеріне қарамастан.