Зейнет жасына толғандарға алты ай ішінде 118,79 млрд теңге төленді
Қазақстандықтардың зейнетақы жинағының көлемі 24 трлн теңгеден асып, бір жыл ішінде 4 трлн теңгеден аса немесе 20,9% өсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy БЖЗҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2025 жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша міндетті зейнетақы жарнасы (МЗЖ) есебінен зейнетақы жинағы 22,85 трлн теңгеге жетіп, 12 айда 18,7% ұлғайды.
«Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен зейнетақы жинағының сомасы 12 ай ішінде 10,2% өсіп, 683,10 млрд теңгені құрады. Ең көп жылдық өсімді ерікті зейнетақы жарнасы (ЕЗЖ) бойынша жинақтар көрсетті. Олар 12 ай ішінде 35% артып, 8,73 млрд теңгеге жетті», - деп жазылған хабарламада.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап салымшылардың (алушылардың) зейнетақы шоттарына түскен жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы (ЖМЗЖ) есебінен зейнетақы жинағының сомасы 463,98 млрд теңге болды.
Жинақтар зейнетақы жарнасы, сондай-ақ инвестициялық табыс арқылы өсіп отырады. Жыл басынан бері салымшылардың жеке және шартты зейнетақы шоттарына 1 575,45 млрд теңге жарна түсті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 19,8% (немесе 260,05 млрд теңгеге) артық.
МЗЖ есебі жүргізілетін жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) жыл басынан бастап 1 294,56 млрд теңге түсті (өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда МЗЖ көлемі 11,7% – ға ұлғайды), МЗЖ – 67,87 млрд теңге (19,8% - ға өсім), ЕЗЖ - 1,38 млрд теңге. 2025 жылдың алғашқы 6 айында ЖМЗЖ есебінен жарналар 211,65 млрд теңгені құрады.
Жыл басынан бері салымшылардың шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс шамамен 350,7 млрд теңгеге жетіп, алдыңғы айлардағы табыстың уақытша төмендеуін тоқтатты.
БЖЗҚ-дан жарналардың барлық түрі бойынша жасалған төлемдер мен сақтандыру ұйымдарына аударымдар 782,87 млрд теңгені құрады. Бұл былтыр жасалған төлемдерден 325,24 млрд теңгеге (немесе 71,1%) көп.
«Төлемдердің басым бөлігі тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдерінің (БЗТ) еншісінде – 451,58 млрд теңге», - деп жазылған хабарламада.
Зейнет жасына толуына байланысты 6 ай ішіндегі төлемдер – 118,79 млрд теңге.
Жыл басынан бері мұрагерлік бойынша 34,58 млрд теңге, ҚР-дан тыс жерге тұрақты тұруға кетуге байланысты 19,18 млрд теңге, мүгедектігі бар адамдарға – 1,58 млрд теңге, жерлеуге – 5,36 млрд теңге көлемінде төлем жасалды. Сақтандыру ұйымдарына 151,78 млрд теңге аударылды.