$ 544.87  639.02  6.88
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Әртіс әрдайым фотоға түсуге міндетті емес»: Баян Алагөзова Жұбаныш Жексенді жақтады

Ол мұның этикаға қайшы екенін ескертті

«Әртіс әрдайым фотоға түсуге міндетті емес»: Баян Алагөзова Жұбаныш Жексенді жақтады
Фото: Dina Tolepbergen/YouTube/Видеодан скрин

Белгілі продюсер Баян Алагөзова әнші Жұбаныш Жексеннің жанжалға қатысты әрекетін қорғап шықты. Ол қоғам алдында өнер иелерін жасырын түсіру – этикаға қайшы екенін ескертіп, Жұбанышты жақтап сөз сөйледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

«Адамның жеке кеңістігін ешкім бұзуға құқылы емес»

Instagram парақшасында жариялаған бейнежазбасында Баян Алагөзова халықтың танымал адамдарға деген шектен шыққан әрекетін сынады. Продюсердің айтуынша, әуежай, мейрамхана немесе вокзал секілді қоғамдық орындарда адамдарды рұқсатсыз видеоға түсіру – этикалық қателік.

«Адамдардың жеке кеңістігін ешкім бұзуға тиіс емес. Артист – сіз секілді адам. Демалады, ұйықтамайды, шаршайды. Қайғырып немесе ашуланып отыруы мүмкін. Осындай сәтте біреу келіп, «селфи» сұраса немесе үндемей түсіре бастаса, бұл кез келген адамның шамына тиюі мүмкін», – деді продюсер.

«Әртіс әрдайым фотоға түсуге міндетті емес»

Баян Алагөзова өз сөзінде өнер адамдарының да жеке өмірі, сезімі, көңіл-күйі болатынын еске салды.

«Әртіс әркез көңілді болуға, фотоға түсуге, сөйлесуге міндетті емес. Олар да шаршайды, ашуланады. Біреу тіпті рұқсат сұрамай, жай ғана телефон қосып, видеоға түсіре бастайды. Мен ондайда үнемі сұраймын: рұқсат сұрадың ба? Мүмкін мен фотоға түскім келмей тұрған шығар», – дейді ол.

Баян Алагөзова Жұбаныш Жексенге неге араша түсті?

Продюсердің айтуынша, қоғамда тек танымал адамның әрекеті сынға ұшырайды, ал провокация жасаған екінші тарап назардан тыс қалады.

«Біз Жұбаныштың жағдайында нақты не болғанын білмейміз. Бірақ біреу келіп, камераны қосып, «селфи жасайық» десе, адам ашулануы мүмкін. Бұл – кез келгеннің басында болатын жағдай. Бірақ егер ол – белгілі тұлға болса, бәрі соны талқылайды. Сол себепті мен ойлаймын, мұндай жағдайларда екі тарап та жауапты болуы керек», – деді Алагөзова.

Әлеуметтік желі қолданушыларына да сын айтты

Алагөзова желі қолданушыларының теріс реакциясына да тоқталды:

«Адамдардың біреудің өмірінде бірдеңе дұрыс болмай жатса, соған қуанып, жамандай жөнелетіні жаныма батады. Олар ештеңе білмесе де, бірден баға береді. Бұл әрдайым солай қайталанады – біреуді ‘таяқ жеуге ыңғайлы’ етіп алады да, тоқтамай ұра береді. Мен Жұбанышқа күш-жігер тілеймін», – деп сөзін түйіндеді ол.

Не болған еді?

Еске салайық, бұған дейін Жұбаныш Жексеннің Астана әуежайында әйел адамға боқтық сөз айтқаны үшін жауапкершілікке тартылғаны хабарланған болатын. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарап кеткен еді. Алайда Жұбаныштың әрекетіне түрткі болған жағдай нақты көрсетілмеген.

Серіктес жаңалықтары