Тұрғындар тарапынан түскен 159 ұсыныстың ішінен 47 жоба жеңімпаз атанды
Ақтөбе қаласында халық өзі таңдаған 47 жоба орындалып жатыр. Ал, былтыр қаланың Алматы ауданында жалпы құны 617 млн теңге болатын 28 жоба жүзеге асқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Дереккөзге сүйенсек, «Халық қатысатын бюджет» жобасы тұрғындардың қазына қаражатын әкімдікпен бірге жұмсауына мүмкіндік береді. Яғни әр тұрғын өзі тұратын аймақты абаттандыруға бюджеттен қаржы ала алады. Бірақ ешкім қолға ақша ұстатпайды, жобаны әкімдік қаржыландырады. Осылайша әрбір тұрғын қаланы көркейтуге, қазына қаржысының мақсатты жұмсалуына өз үлесін қосады. Былтыр аталған жоба аясында қаланың Алматы ауданы бойынша 28 жоба мақұлданған. Жобаның жалпы құны — 617 миллион теңге. Ал биыл тұрғындардан 159 ұсыныс түскен. Оның ішінде 50 пайыздан жоғары дауыс жинаған 47 жоба өткен.
Алматы ауданы әкімдігі ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бас маманы Бақытжан Нұржауғановтың айтуынша, «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша 28 жобаны өткен жылы депутаттар мақұлдаған. Оның ішінде екі жобаны қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жүзеге асырады. Ал қалған 26 жобаны мердігер мекемелер биыл толық аяқтайды.
«Алматы ауданында жүзеге асатын жобалардың құрылысы басталып, бірқатары аяқталуға жақын қалды. Мәселен, Есет батыр тұрғын алабының екінші шағын ауданында, яғни №12 үйдің қасында футбол және ойын алаңы салынып жатыр. Негізі бұл жерде бұрын осындай алаңдар болған. Олар әбден ескіріп, тозғандықтан, құрылыс қайта жаңартылып жатыр. Екі алаң да заманауи жабдықтармен жарақталады. Жобаның жалпы құны — 25 миллион теңге. Құрылыстың отыз пайызы аяқталып тұр. Қыркүйекке дейін толық бітіп, іске қосылады. Сондай-ақ Қурайлы тұрғын алабындағы Сарбаздар, Сәттілік, Қонаев, Құрылысшылар, Асау-Барақ және тағы бірнеше көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынып жатыр. Бұл жобаның құны — 38 миллион теңге. Бұл құрылыс та биыл толық аяқталады.Ал биыл мақұлданған 47 жоба қаражаттың бөлінуіне байланысты келесі жылы жүзеге асады», — деді Бақытжан Нұржауғанов.
Ақтөбеде «Халық қатысатын бюджет» жобасы алғаш рет 2021 жылы қолға алынған. Қазір тұрғындар жобаның жемісін көріп отыр. Тұрғын үйлердің аулаларында балаларға арналған ойын, спорт алаңдарының көбейгенін көруге болады. Мәселен, Қызылжар-2 тұрғын алабында да осы бағдарлама аясында спорт алаңы салынып жатыр. Құрылыстың жетпіс пайызы аяқталып тұр.
Алматы ауданына қарасты қаладан 20 шақырым жердегі Садовый тұрғын алабында да спорт және ойын алаңы салынып жатыр. Тұрғындар жоба басталған кезде белсенділік танытып, дауыс беріп ұтып алған болатын. Алматы ауданының әкімі Рүстем Өтешов елді мекендерде және қаланың ескі бөлігінде осындай жобалар жүзеге асып жатқанын айтты.
«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында тұрғындар өздері ұсынып, өздері дауыс берген жобалар ғана жүзеге асырылады. 2021 жылы басталған бұл бағдарлама тұрғындар арасында кең қолдау тауып, аулаларды абаттандыру, елді мекендерге саябақтар салу, жаяу жүргіншілер жолдарын төсеу сияқты көптеген жұмыстар атқарылды. Қазір Садовый, Қызылжар тұрғын алаптарында, ескі қалада осындай бірнешеалаң салынып жатыр. Маусым айында басталған жұмыстарды мердігер қыркүйекке дейін аяқтауға уәде берді. Құрылысты белсенді тұрғындар өздері келіп бақылап жүр», — деді Рүстем Өтешов.
Жоба аясында балалардың ойын және спорт, футбол, баскетбол, волейбол алаңдарын салу және көше жарығын орнату, аулаларды абаттандыру секілді жұмыстар қарастырылған.