Қысыммен атқылаған ыстық су жол жабынын бұзып, бірнеше көлікті қиратты
Екібастұзда жоспарлы гидравликалық сынақтар кезінде жылу құбыры жарылып, жер астынан атқылаған су салдарынан 8 автокөлікке зақым келді. Оқиға жергілікті дүкендердің бірінің маңында болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, «Екібастұз жылу желісі» ЖШС 530 мм диаметрлі құбырды жоғары қысыммен сынақтан өткізген. ТМ-11 жылу магистралінде болған жарылыстан асфальт көтеріліп, сол аумақта тұрған көліктерді зақымдаған.
«Алдын ала мәлімет бойынша, 8 көлік зақымданды. Адам шығыны жоқ», – делінген әкімдік мәліметінде.
Желіде тараған видеоларда шашыраған ыстық судың автокөліктердің терезелерін сындырғаны байқалады. Куәгерлердің сөзінше, судың қысымы өте күшті болған.
Қазір оқиға орнында полиция, ТКШ бөлімінің өкілдері мен жылу желілерінің апаттық қызметі жұмыс істеп жатыр. Қалпына келтіру жұмысының нақты аяқталу мерзімі әзірге белгісіз.