«Артық қимылдама»: Астанада жолаушы такси жүргізушісіне шабуыл жасады

Автор: Асыл Арман

Қауіпті шабуыл сапар кезінде болған

Фото: Видеодан скрин

Астанада такси жүргізушісіне жолаушы шабуыл жасап, қауіп төндірді. Желіде тараған видеодан ер адамның жүргізушіні қауіпсіздік белдігімен қылқындырып, балағат сөздер айтып, қорқытқанын көруге болады. Оқиға көлік қозғалып тұрған кезде болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Таксист бір қолымен қорғанып, бір қолымен көлік жүргізді

Жүргізуші шабуылдаушыны бір қолымен итеріп, екінші қолымен рөлді ұстап, жол қозғалысын жалғастыруға мәжбүр болды. Оның айтуынша, өміріне нақты қауіп төнген сәтте, назар аударту үшін қарсы жолаққа шығып, әдейі Chevrolet Cobalt көлігіне соқтығысқан.

Көмек сұрап, көліктен секіріп түсті

Оқиға орнында, жол жиегінде жүргізуші көліктен түсіп, Cobalt көлігінің жүргізушісінен көмек сұраған. Ол азамат көмек қолын созып, таксисті шабуылдаушыдан құтқарып қалды.

Басқа жүргізушілерге де қауіп төнді

Таксистің айтуынша, жолаушының бұл әрекеті тек өзіне емес, жолдағы басқа жүргізушілерге де нақты қауіп төндірген. Абырой болғанда, оқиға үлкен апатқа ұласпады.

Астананың Есіл ауданы полиция басқармасының баспасөз қызметі жағдайға байланысты түсініктеме берді. Құқық қорғау органдары такси жүргізушісіне ресми түрде шағым түсіруді ұсынды.

«Аталған факті бойынша Есіл ауданының полиция басқармасына (мекенжайы: Астана қаласы, Орынбор көшесі, 9) жазбаша арызбен жүгінуді немесе электронды e-Otinish порталы арқылы өтініш беруді ұсынамыз», – делінген ресми хабарламада.