Қазақстанның төрт қаласында ауаның ластану деңгейі күшейеді – «Қазгидромет»
Синоптиктер ескерту жасады

Синоптиктердің мәліметінше, бүгін Қазақстанның төрт ірі қаласында атмосферада ластаушы заттардың жоғары деңгейде шоғырлануы күтіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ауа ластануының басты себебі – қолайсыз ауа райы
Ауа сапасының нашарлауы бірнеше метеорологиялық фактордың ықпалынан туындап отыр. Яғни, кейбір жағдайда зиянды қоспалар жер бетіне жақын қабатта шоғырланып, таралмайды.
«2025 жылдың 22 шілдесінде қолайсыз метеожағдайлар Ақтөбе, Алматы, түнгі уақытта Қостанай және Астана қалаларында күтіледі», – деп хабарлады «Қазгидромет» РМК өкілдері.
Қолайсыз метеожағдай (ҚМЖ) дегеніміз не?
ҚМЖ – бұл зиянды заттардың ауада таралуына кедергі келтіретін табиғи құбылыстар. Оларға мыналар жатады:
- Тымық ауа райы;
- өте баяу соққан жел;
- тұман;
- температуралық инверсия (жылы ауа қабаты суық қабаттың үстінде орналасқанда).
ҚМЖ кезінде неге абай болу керек?
Мұндай жағдайлар ластаушы заттардың шоғырлануына әкеледі. Әсіресе, өндірістік аймақтарда немесе тығыз құрылысы бар аудандарда бұл – ауа сапасының уақытша нашарлауына себеп болады.
Ауа сапасының төмендеуі адамның денсаулығына кері әсер етуі мүмкін, сондықтан тұрғындарға сақтық шараларын ұстану ұсынылады: далада ұзақ жүрмеу, маска тағу, терезені жабық ұстау.