$ 531.96  622.45  6.79
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жамбыл облысында әйел адам 8 кәсіпкерді алдап, 8,6 млн теңгесін қағып алған

Алаяқ әйелдің бұрын да сотталғаны анықталды

Жамбыл облысында әйел адам 8 кәсіпкерді алдап, 8,6 млн теңгесін қағып алған
Фото: istockphoto.com

Талас аудандық соты бірнеше кәсіпкерді алдап, 8,6 миллион теңге көлемінде залал келтірген әйелге қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сот мәліметінше, сотталушы ол бұған дейін де алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Соған қарамастан, 2024 жылы ол тағы да 8 адамды алдап, жалған уәделер арқылы ақшаларын қағып алған.

Жалған директор ретінде сенімге кірген

Тергеу барысында әйел адам өзін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің директоры ретінде таныстырып, азаматтарға 5%-дық жеңілдетілген несие алуға көмектесемін деген желеумен сенімге кіргені анықталды. Ол зардап шеккендермен жалған келісімшарттар жасасып, ақша алған.

Алаяқтық әрекеттерін заңды етіп көрсету үшін ол қызмет көрсету туралы фиктивті келісімшарттар жасап, іскерлік бейне қалыптастырған.

Ақшаның бір бөлігін қайтарып, жаңа құрбандар тартқан

Кейбір жағдайда сотталушы ақшаның аз бөлігін қайтарып, өзін адал адам ретінде көрсеткен. Осылайша, жаңа адамдардың сеніміне кіріп, тағы да ақшаларын алған.

Жалпы келтірілген материалдық шығын көлемі – 8,6 миллион теңгеден астам.

Сот үкімі: шартты жаза мен толық өтемақы

Сот барысында әйел кінәсін ішінара мойындап, ақшаны үшінші тұлғаларға бергенін алға тартқан. Сот кінәні ішінара мойындауы, жасаған ісіне өкініш білдіруі және кәмелетке толмаған баласының барын жазаны жеңілдететін жағдай ретінде қарастырды.

«Сотталушы Н. ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігінің 3,4-тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, оған 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда ҚР ҚК 74-бабы 1-бөлігінің негізінде үкімнің орындалуы 3 жылға кейінге қалдырылды», – делінген Талас аудандық сотының хабарламасында.

Сот жәбірленушілердің азаматтық талаптарын толық қанағаттандырып, сотталушыдан 8,6 миллион теңгеден астам қаржыны өндіру туралы шешім шығарды. Үкім заңды күшіне енді.

Серіктес жаңалықтары