Үш көлік соқтығысты, оның біреуі қарсы бағытқа шығып кеткен
Астанада 20 шілде күні түнде Ақан сері мен Радлов көшелерінің қиылысында ірі жол-көлік оқиғасы болды. Kris_p_astana Telegram-парақшасының мәліметінше, BMW, Chevrolet және Nissan көліктері соқтығысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полицияның мәліметінше, BMW автокөлігінің жүргізушісі мас күйде рульге отырған әрі жүргізуші куәлігі де болмаған. Ол Chevrolet көлігіне соқтығысқан. Қатты соққыдан Chevrolet қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, Nissan көлігімен соқтығысқан.
Апат салдарынан екі жолаушы әртүрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Олардың жағдайы нақтыланып жатыр.
Полицияның хабарлауынша, BMW тізгіндеген ер адам бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған. Соған қарамастан, ол тағы да көлік айдап, мас күйінде жол апатына себепкер болған.
Қазір құқық бұзушыға қатысты әкімшілік іс қозғалып, көлігі айыптұрағына қойылды.