Алакөл мен Балқаштағы тексеріс: вице-министр мен әкім орынбасарлары жазаланды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Сол сияқты Қапшағай су қоймасы да тексерілді

Фото: Абай облысының әкімдігі

Президенттің туризм саласындағы тапсырмасына сәйкес, премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың жетекшілігімен ведомствоаралық жұмыс тобы жасақталды. Топ құрамына бірқатар министрліктер мен мемлекеттік органдардың басшылары енді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жұмыс тобы 10-12 шілде күндері Алматы, Қарағанды, Жетісу және Абай облыстарына инспекциялық сапармен барып, курорттық аймақтардағы жағдайды тексерді.

Туристік инфрақұрылым мен қауіпсіздік мәселелері расталды

Қапшағай су қоймасы, Алакөл және Балқаш көлдеріндегі инфрақұрылымды тексеру барысында туристермен кездесулер өткізілді. Азаматтар инфрақұрылымның нашарлығы, сервистің төмен деңгейі мен қауіпсіздік талаптарының сақталмауы туралы шағымданды – бұл деректер тексеру кезінде расталды.

Коммуналдық жағажайлар алаңдаушылық туғызды

Ең көп сынға ұшыраған нысандар – жергілікті әкімдіктерге қарасты коммуналдық жағажайлар болды. Мұнда абаттандыру ережелерінің бұзылуы, кассалық тәртіптің сақталмауы, чек берілмеуі, санитариялық және қауіпсіздік нормаларының орындалмауы сияқты жүйелі заң бұзушылықтар тіркелді.

Шенеуніктерге сөгіс жарияланды

Инспекция қорытындысы бойынша және президент тапсырмасын орындау аясында жауапты лауазымды тұлғалар тәртіптік жазаға тартылды:

  • Туризм және спорт вице-министрі мен Алматы, Қарағанды, Жетісу және Абай облысы әкімдерінің орынбасарларына қатаң сөгіс жарияланды;
  • Қонаев, Балқаш қалаларының, Алакөл және Мақаншы аудандарының, сондай-ақ ауылдық округтер әкімдеріне сөгіс берілді;
  • Туризм, кәсіпкерлік, экология, сәулет және саудаға жауапты облыстық басқарма басшылары да жазаланды;
  • Экология, денсаулық сақтау, қаржы, сауда, көлік, су ресурстары және ирригация министрліктерінің аумақтық бөлімше басшылары жауапкершілікке тартылды.

Жол картасы әзірленіп, жобалық кеңсе құрылды

Жергілікті жерлерде орталық мемлекеттік органдардың қатысуымен көшпелі тексерулер жалғасуда. Олардың нәтижесінде туристік инфрақұрылымды жақсартуға арналған Жол картасы әзірленеді. Бұл құжат жүйелі проблемаларды шешуге бағытталады.

Сондай-ақ тұрақты түрде жұмыс істейтін Жобалық кеңсе құрылды. Ол туристік қызмет сапасын арттыру, курорттық аймақтарды абаттандыру және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында жұмыстарды үйлестіреді.