Атырау – Орал автомобиль жолы төрт жолақты болады
Жоба жолдағы апаттың төмендеуіне, Қазақстанның транзиттік әлеуетін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді
Атырау – Орал жолының учаскесі төрт жолақты болады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазіргі таңда республикалық маңызға ие Атырау – Орал автомобиль жолында (75-125 шақырым) қайта жаңарту жұмыстарын жүргізуге арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлейтін компанияны анықтау мақсатында тиісті процедуралар басталған. Осылайша, ЖСҚ дайын болған соң, жолшылар тасжолдың 50 шақырымында құрылыс-монтаждау жұмыстарына кірісетін болады.
«Атырау – Орал автомобиль жолы – екі облыс орталығын байланыстырушы маңызды транзиттік көліктік дәліз. Ол Каспий теңізінің порттарына шығуға мүмкіндік береді. Жол осыдан 15 жыл бұрын жөндеуден өткен болатын. Үшінші техникалық санаттағы тасжолдың құрылымы осьтік жүктемесі 8 тоннаға дейінгі көлік құралдарына лайықталып, тәулігіне шамамен 3000 көлікті өткізе алады. Бүгінгі таңда Қазақстанда автомобиль жолдарын салу мен қайта жаңарту оське 13 тоннаға дейінгі есептік жүктемемен жүзеге асырылады. Тиісінше, аталмыш жолдың жаңғыртылуы қос өңір үшін аса қажет», - делінген хабарламада.
Жол қайта жаңарту жұмыстарынан өткен соң төрт және екі жолақты болады. Бүгінгі таңда автомобиль жолының учаскесінде (75-125 шақырым) қайта жаңарту жұмыстарын жүргізуге арналған ЖСҚ әзірлейтін жобалық компания анықталған. Жол құрылысы осы процедуралар аяқталған соң іске асырыла бастайды.
Айта кету керек, жоба автомобиль жолының өткізу қабілетін арттыруға, жолдағы апатты төмендетуге, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсартуға, сондай-ақ, Қазақстанның транзиттік әлеуетін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік бермек.
Атырау – Орал автомобиль жолы 2020-25 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында қайта жаңартылады.