Абай облысында балаға зорлық жасаған адам өмір бойына сотталды
Сот жабық түрде өтті

Абай облысында жасөспірімге сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық жасаған адам сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әйелінің жиенін зәбірлеген
Іс Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.
«Сотталушыға Қазақстан Қылмыстық кодексінің 124-бабы 1-бөлігі "Он алты жасқа толмаған адамды азғындық жолға түсіру", сондай-ақ 121-бабы 4-бөлігі "Жас балаға қатысты бірнеше рет сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық жасау" бойынша айып тағылды», - деп жазылған хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше сотталушы былтыр тамызда әйелінің 2016 жылы туған жиеніне қарсы қылмыс жасаған.
Күдікті кінәсін мойындамады
Мемлекеттік айыптаушы-прокурор сотталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленушінің заңды өкілі де осы жазаны сұраған.
«Сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындамай, соттан ақтауды сұрады», - дейді сот мамандары.
Сотталушының кінәсі толық дәлелденіп, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Сонымен қатар сотталған адам педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты кез келген лауазымды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.