$ 537.91  628.87  6.6
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Әйеліне 10 жыл қысым көрсетті деген Сәкен Мамаш 6 жылға сотталды

Ол барлық дипломаттық дәрежесінен айырылды

Әйеліне 10 жыл қысым көрсетті деген Сәкен Мамаш 6 жылға сотталды
Фото: Azattyq Rýhy

Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісінің кеңесшісі болған Сәкен Мамашқа қатысты сот процесінің шешімі белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол қылмыстық кодекстің 110-бабы (азаптау) бойынша айыпталды. Сот осыған дейін Карина Мамаштың өтініші негізінде жабық форматта өткен еді. Алайда соңғы шешім БАҚ-қа ашық форматта өтті.

Судья Сәкен Мамашты кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жайлы шешім қабылдады. 

«Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 387–390, 393, 395–398, 401–402-баптарын басшылыққа ала отырып, сот Мамаш Сәкен Тәшкенбайұлын ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған орташа қауіпсіздік мекемесінде 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады»,– деп үкімді жария етті судья Артур Әбдықанов.

Сәкен Мамаш 2014 жылдан бастап жәбірленуші Каринамен заңды некеде тұрған. Неке кезеңінде жәбірленуші екі бала дүниеге әкеліп, үй шаруасындағы әйел болған. Ол дипломаттың жұбайы ретінде жәрдемақы алған, алайда, бұл қаражатты Мамаш өзі алып отырған. Үй шаруасына байланысты барлық шығындарды Сәкен Мамаш қаржыландырған.

Сотталушы Мамаш жәбірленушіге туыстары мен құрбыларымен араласуға тыйым салған, оның қоңыраулары мен хат-хабарларын, жүріс-тұрысын бақылап отырған.

Жалған қызғаныштың негізінде, мемлекеттік қызметкер ретінде ант қабылдаған М. 2019–2024 жылдар аралығында, Астанада және кейіннен БАӘ, Абу-Дабиде жүрген кезінде жүйелі түрде күш қолданған яғни жұдырықпен денесінің түрлі жерлеріне және басына дене жарақаттарын салған.

Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, сараптамалық қорытындылармен, бейнежазбалармен, скриншоттармен және өзге де істің материалдарымен дәлелденді.

Еске салсақ, Карина Мамаштың 10 жыл бойы күйеуі ұрып-соғып келген мәлімдемесінен кейін Сәкен Мамаш Дубайдағы қызметінен елге қайтарылған еді. Елші кеңесшісінің үстінен «азаптау» бабы бойынша іс қозғалған болатын.

Серіктес жаңалықтары