Павлодар облысында синтетикалық есірткі жеткізу арнасы анықталды
Есірткі аудан аумағында интернет арқылы таралып отырған

Тереңкөл ауданында синтетикалық есірткінің заңсыз айналымына тосқауыл қойылды. Бұл туралы аудан прокуратурасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің үйлесімді жұмысы нәтижесінде белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Скорость» есірткісін таратқан арна жабылды
Жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде Тереңкөл ауылының тұрғыны сот санкциясымен қамауға алынды. Ол синтетикалық «скорость» есірткісін сақтады деген күдікке ілінген.
Алдын ала деректерге сәйкес, есірткі заттары аудан аумағында интернет арқылы таралып отырған. Бұл іс-әрекет ірі онлайн есірткі дүкенінің тапсырмасымен ұйымдастырылған болуы мүмкін.
50 доза синтетикалық есірткі тәркіленді
Жедел іс-шаралар нәтижесінде 50 дайын есірткі дозасы тәркіленді. Қазіргі уақытта бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі (есірткі заттарын заңсыз дайындау, сақтау, тасымалдау, өткізу мақсатында заңсыз айналымы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Анықтама: «Скорость» – орталық жүйке жүйесіне әсер ететін аса қауіпті синтетикалық есірткі түрі. Ол адам ағзасына жылдам тәуелділік қалыптастырады және ұзақ мерзімді зиян келтіреді.