Астана әуежайында атыраулық әйел рейстен күштеп түсірілді

Автор: Алмас Ерсін

Ол бейәдеп сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұған

Фото: nn-airport.kz

Астана әуежайында Астана – Атырау бағытындағы рейстен 31 жастағы Атырау қаласының тұрғыны түсірілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 Полицияға бағынбаған

Тексеру кезінде жолаушының мас болғаны, ұшаққа міну барысында әуе компаниясы қызметкерлерінің талабын орындамағаны және агрессивті әрекет көрсеткені анықталды.

«Тәртіп сақшылары келген кезде әйел полиция бөлмесіне барудан бас тартып, тіпті, бейәдеп сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзуды жалғастырған», - деп жазылған хабарламада.

Көлік полицейлері аталған азаматқа қатысты билік өкілдерінің заңды талаптарына бағынбау, ұсақ бұзақылық жасау, бортсеріктердің талаптарын орындамау, сондай-ақ қоғамдық орынға мас күйінде келу бойынша әкімшілік хаттамалар толтырды.

Іс бойынша материалдар сотқа жолданды.

Үш жүзден астам жолаушы жауапқа тартылды

Жалпы жыл басынан бері көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері әуе кемелерінде түрлі құқық бұзушылық жасаған 331 тұлғаны анықтап, жауапкершілікке тартты.

Ең жиі кездесетін құқық бұзушылықтар:

  • алкогольдік ішімдік ішу,
  • қоғамдық орындарда мас күйінде жүру.

«Осындай жағдайлар бойынша 189 факт, әуе кемесінде шылым шегу – 89, ұсақ бұзақылық – 24 және тағы басқа да деректер анықталды», - дейді полицейлер.

Көлік полицейлері деструктивті мінез-құлық қоғамдық тәртіпті бұзып қана қоймай, жолаушылар мен бортсеріктердің қауіпсіздігіне де қатер төндіретінін еске салады. Осыған сәйкес, азаматтарды әуе кемесінде және қоғамдық орындарда ережені қатаң сақтауға шақырды.