Алматы тұрғыны SCAT әуе компаниясын сотқа беріп, жеңіп шықты
SCAT әуе компаниясы жолаушыға жолжүгін кешіктіргені үшін өтемақы төлейтін болды

Алматы тұрғыны 2024 жылдың қарашасында Вьетнамның Фукуок аралына сапар шеккен. Алайда жеткен кезде жолжүгінің мүлде басқа бағытқа кеткенін білді. Кейін жүк қателесіп Пхукетке жіберілгені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Чемодан 15 қарашада, яғни екі күннен кейін ғана иесіне қайтарылған.
Сотқа жүгініп, моральдық өтемақы талап етті
Желідегі мәліметке жүгінсек, жолаушы сотқа шағымданып, жүктің кешіктірілуіне байланысты төлем және моральдық зиян үшін өтемақы өндіруді талап етті.
Бірінші инстанция тек төлемді ғана қанағаттандырып, моральдық зиянды өтеуден бас тартқан.
Апелляция жолаушының пайдасына шешілді
Алайда апелляциялық сот бұл шешімді қайта қарап, жолаушыға нақты қолайсыздық пен күйзеліс келгенін мойындап, 100 мың теңге моральдық өтемақы өндіру туралы үкім шығарды.
Сот бұл соманы «ақылға қонымды әрі әділетті» деп бағалады.