Өскемен әуежайында басшылық ірі көлемде қаржы жымқырды деген күдікке ілінді
Қаржылық мониторинг агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен «Өскемен әуежайы» АҚ-ның лауазымды тұлғаларына қатысты қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану, сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру деректері бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеу барысында акционерлік қоғамның бұрынғы президенті мен өзге де басшылары еңбекақыны негізсіз арттырып, жалған сыйақылар мен келісімшарттар арқылы жүйелі түрде қаржы жымқырғаны дәлелденді.
Жымқырылған ақша касса арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Қоғамға тиесілі көліктер бухгалтерлік есептен шығарылып, нарықтағы бағасынан бірнеше есе арзан сомаға сенімді тұлғаларға сатылған.
Тергеу нәтижесінде мемлекетке келтірілген жалпы залал 157 миллион теңгені құрады.
Сот санкциясымен күдіктілердің 4 пәтеріне, жер учаскесіне, 2 автокөлігіне, жалпы құны 126 млн теңге болатын мүлкіне тұтқындау түріндегі шектеу қойылды.
Күдіктілер қамауға алынды.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер құпия сақталады.