Зейнеткерге көмектесіп жүрген әлеуметтік қызметкер ұрлық жасады деген күдікке ілінді
Полицейлер 32 жастағы тұрғынның қылмысқа қатысы бар екенін анықтады

Ақмола облысында әлеуметтік қызметкер зейнеткерден ақша ұрлады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
200 доллар қайда кетті
Қылмыс осы жылдың шілде айында Аршалы ауданында тіркелді. 1953 жылы туған жергілікті тұрғын өзінің жеке жинағынан 200 АҚШ доллары ұрланғаны туралы полиция бөліміне арызданған.
Полиция қылмыстық іс қозғады.
«Материалдарды алғашқы жинау барысында жедел уәкілдер жәбірленушіден жауап алып, оның қолма-қол ақшаны үйде еркін қолжетімді ұстағанын анықтады. Бұл ретте әлеуметтік қызметкерді қоспағанда, оған бөгде адамдар келмеген», - деп жазылған хабарламада.
Күдікті кінәсін мойындады
Кейін полицейлер елді мекеннің 32 жастағы тұрғынының қылмысқа қатысы бар екенін анықтады, ол біраз уақыттан бері зейнеткердің үйіне келіп, көмектесіп жүрген.
Қазіргі уақытта ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр, күдікті кінәсін мойындады.
Полиция азаматтардан өз мүлкін және жеке жинағын сақтау үшін қауіпсіздік шараларын қабылдауды сұрады.