Астанада жыл басынан бері 60 бала көпқабатты үйдің терезесінен құлап кетті – ТЖД

Автор: Асыл Арман

Құтқарушылар ата-аналарға үндеу жасады

Фото: freepik.com

Астана әкімдігінің мәліметінше, биыл жаз мезгілі басталғалы балалардың терезеден құлап кету оқиғалары жиілеп кетті. Осыған байланысты қалалық Төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) ата-аналарға арнайы үндеу жасап, қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін еске салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2025 жылдың алғашқы алты айында 60 оқиға тіркелген

ТЖД мәліметінше, 2024 жылы мұндай 38 жағдай тіркелсе, 2025 жылдың алғашқы жарты жылдығында бұл көрсеткіш 60-қа жеткен.

Негізгі себеп — балаларды қараусыз қалдыру

Қалалық ТЖД №5 өрт сөндіру бөлімшесінің командирі Айдар Безруковтың айтуынша, мұндай қайғылы оқиғалардың басты себебі – балалардың қараусыз қалуы:

«Бала терезеден бірнәрсе көріп, соған ұмтылады, бірақ өзінің биікте тұрғанын түсінбейді де, құлап кетеді», – дейді маман.

Ата-аналарға қауіпсіздік шараларын сақтау ескертілді

Құтқарушылар москит торына сенбеуді, терезе маңына жиһаз қоймауды, және балалардың терезе алдына шығуына жол бермеуді ескертеді. Сондай-ақ:

  • Балаларға ашық терезе жанында ойнау қауіпті екенін үнемі түсіндіріп отыру қажет.
  • Терезелерге құлыптар, қорғаныс торлар және арнайы бекіткіштер орнату ұсынылады.

Ең сенімді қорғаныс – темір торлар

Айдар Безруковтың айтуынша, құтқарушылар пәтерлерді аралап, тұрғындарға балаларды терезеден құлап кетуден қалай қорғауға болатынын түсіндіріп жүр:

«Темір торлар – ең сенімді қорғаныс құралы. Өз тәжірибемде балалардың биіктен құлауы жыл сайын дерлік кездеседі», – дейді ол.