$ 525.87  614.37  6.72
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадада үш медаль жеңіп алды

Дубайда өткен IChO-2025 додасында қазақстандық жас химиктер жоғары нәтиже көрсетті

Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадада үш медаль жеңіп алды
Фото: НЗМ

Қазақстан құрамасы 2025 жылғы 57-ші халықаралық химия олимпиадасында (IChO) тамаша нәтиже көрсетіп, екі алтын және күміс медаль жеңіп алды,деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Олимпиада биыл Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өтті. Байрақты білім бәйгесіне әлемнің 90-нан астам елінен 360-тан аса үздік жас химик қатысып, бірнеше күн бойы теориялық және практикалық тапсырмалар бойынша өзара бақ сынады. Олимпиада аясында қатысушылар органикалық, аналитикалық және физикалық химия салаларынан күрделі тапсырмаларды орындады.

Елордадағы физика-математика бағытындағы NIS мектебінің оқушылары Кирилл Ким мен Абылай Қабдулхадыр халықаралық деңгейде алтын медаль жеңіп, Қазақстанның туын биікке көтерді.

Айта кетерлігі, Кирилл Ким бұл додадан екінші жыл қатарынан алтын медаль еншілесе, Абылай Қабдулхадыр өткен жылы күміс жүлдеге ие болған болатын. Биыл ол өз жетістігін жақсартып, алтын медальмен марапатталды.

Ал Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы оқушы Еңлік Бақытбекова күміс медаль иегері атанды. Еңлік – бұған дейін де бірнеше халықаралық және республикалық олимпиадада топ жарған, үздік жетістіктерімен көзге түскен дарынды оқушы.

Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқушылары жыл сайын түрлі халықаралық пәндік олимпиадаларда ел намысын қорғап, жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Бұл жетістік – сапалы білім берудің, кәсіби педагогикалық құрамның және дарынды оқушылармен жүйелі жұмыстың нәтижесі.

2025 жылғы халықаралық химия олимпиадасында жеңіске жеткен жас химиктер Қазақстандағы білім беру жүйесінің деңгейін жаһандық сахнада танытты. Жас ғалымдарға осындай мүмкіндік сыйлаған ұстаздарға, ата-аналарға және ұйымдастырушыларға зор алғыс білдірілді.

Оқушыларды жеңіспен оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев та құттықтады.

«Мұндай жетістіктерге жетуде оқушылардың талпынысы мен еңбегімен қатар, олардың ұстаздары мен ата-аналарының үлесі зор. Әсіресе, тәлімгерлері Санжар Бегдайыр мен Ринат Илюсовке кәсіби шеберліктері, оқушыларға көрсеткен қолдауы мен сенімі үшін шексіз алғысымды білдіремін. Бұл жеңіс – жас буынның жарқын болашағына жол ашатын берік негіз деп сенемін. Жетістіктеріңіз еселене берсін, алар асуларыңыз биік болсын! Еліміздің дамуына үлес қосатын білімді де талапты азамат болып өсулеріңізге тілектеспін!» - деді ол.

Серіктес жаңалықтары