Ол туристік топпен бірге болған
Алматыға жақын орналасқан Букреев шыңында (биіктігі – 3010 метр) туристік топпен бірге болған бала эвакуацияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
12 шілдеге қараған түні республикалық жедел-құтқару жасағына туристік топтың Букреев шыңына көтерілгені, олардың арасында үш бала бар екені, сондай-ақ бір баланың жағдайы нашарлағаны жөнінде хабарлама түскен.
Хабар алғаннан кейін ҚР ТЖМ Жедел-құтқару жасағы дереу жолға шығып, Бутаков шатқалы арқылы тауға көтерілді. Жолдың бір бөлігі көлікпен, ал күрделі бөліктері аяқпен жаяу жүріп өтілген.
Құтқарушылар туристерді алдын ала берілген координаттар бойынша тапқан. Бала ұйықтап жатқан, жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланған.
«Құтқарушылар баланы қауіпсіз жағдайда төмен түсіріп, ересек адамның көмегімен етекке дейін жеткізді», – делінген министрлік хабарламасында.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды тау бағытына шығарда ауа райын қадағалап, балалармен бірге барғанда екі есе сақ болуға шақырады.