210 мың талапкер ҰБТ тапсырды
Биыл апелляцияға 92 мыңнан астам өтініш қабылданды

210 мыңнан астам талапкер 2025 жылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Оның ішінде:
- 76,5%-ға жуығы қазақ тілінде,
- 23,5%-ы орыс тілінде,
- 149 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.
Талапкерлердің 76%-ы шекті балл жинады
Талапкерлерге негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатысу мүмкіндігі ұсынылды. Осылайша 210 мың талапкер ҰБТ-ны 381 мың рет тапсырды.
«Тестілеу қорытындысы бойынша 161 мыңға жуық талапкер шекті балл жинады, бұл қатысушылардың жалпы санының 76%-ын құрайды. Бес пән бойынша ҰБТ-ның орташа балы 69 балды құрады», - деп жазылған хабарламада.
Ең жоғары 140 балды ҰБТ-ны өткізудің бірінші аптасында Түркістан облысының түлегі Әбілхан Жәнібек жинады. 598 адам 130 балдан жоғары нәтижеге қол жеткізді.
«Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға 681 талапкер қатысқанын айта кеткен жөн», - дейді мамандар.
Биыл апелляцияға 92 мыңнан астам өтініш қабылданып, олардың ішінде 104 бірегей тест тапсырмасына қатысты өтініш қанағаттандырылды. Республикалық комиссия жұмысын аяқтады, талапкерлердің сертификаттары жеке кабинетте қолжетімді.
711 ереже бұзушылық тіркелді
ҰБТ өткізу кезеңінде 711 ереже бұзушылық тіркелді. Тыйым салынған құрылғыларды – смартфондар, смарт-сағаттар, микроқұлаққаптар мен шпаргалкалар алып өтуге тырысу жағдайлары жиі болды. Осы себептерге байланысты 326 талапкер тестілеуден өте алмады.
«Тестілеу барысында аудиториялардан 380 қатысушы шығарылып, олардың нәтижелері де жойылды. Бейнежазбаларды қарау нәтижесінде қосымша тағы 5 адамның нәтижелері жойылды», - деп жазылған хабарламада.
Бейнежазбаларға талдау жүргізу осы жылдың 31 қазанына дейін жалғасады.