Алматыда хостелдегі өрт: 13 адамның өліміне себеп болған іске қатысты үкім шықты

Автор: Мөлдір Қазыбай

Қайғылы оқиға 2023 жылдың қараша айында болған

Фото: Алматы қалалық ТЖД

Алматыда 13 адамның өмірін жалмаған хостелдегі өртке байланысты атышулы қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Оқиғаның егжей-тегжейі мен сот барысы туралы ақпаратты қалалық соттың баспасөз қызметі таратты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айыпталушылар қандай баппен сотталды?

Сот алдында екі адам – М. және П. жауап берді:

  • М. ҚР ҚК 292-бабы 3-бөлігі бойынша – өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу, адам өліміне әкеп соғу бабы бойынша айыпталды;
  • П. бастапқыда дәл осы бап бойынша айыпталғанымен, сот процесі кезінде прокурор оның әрекетін ҚР ҚК 306-бабы 3-бөлігіне – қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау бабына қайта саралады.

Сот нені анықтады?

Тергеу материалдарына сәйкес, П. хостел орналасқан ғимараттың иесімен өрт дабылы жүйесін орнату туралы келісімшарт жасасқан. Алайда өзі нысанда болмаған, монтаждау жұмысын арнайы рұқсаты жоқ танысына тапсырған.

«Өрт дабылы жүйесі кәсіби біліктілігі мен рұқсаты жоқ адамдармен орнатылған. Жұмыстар техникалық құжаттамасыз, жобадан ауытқып орындалған», – делінген сот материалында.

Сараптама қорытындысына сәйкес, дабыл сигналының деңгейі 75 дБ орнына 28,8-ден 58,2 дБ-ге дейін ғана жеткен. Бұл адамдарды дер кезінде эвакуациялауға мүмкіндік бермеген.

Ал М. заң талаптарына қарамастан, жертөледе 6 жатын бөлме (48 орын) жасаған. Жалғыз эвакуациялық шығу есігі кілтпен жабық болған. Өрт алдында бірнеше күн бұрын ол дәлізге қосымша матрастар төсеп, өтетін жолды тарылтып, қауіп деңгейін одан сайын арттырған.

Соттағы пікірлер мен үкім

Прокуратура айыпталушыларға 4 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Қаза болғандардың туыстары әділ үкім мен өтемақы талап етті. Ал айыпталушылар кінәларын мойындамады.

Сот айыпталушылардың кінәсі сараптамалармен дәлелденгенін атап өтті. Сот М.-нің кінәсін ішінара мойындап, 6 жәбірленушіге моральдық өтемақы төлегенін және оның  кәмелетке толмаған 5 баласының бар екенін ескерді. П. да кәмелетке толмаған баласының барын негізге алды.

М. ҚР ҚК 292-бабы 3-бөлігі бойынша 5 жылға, П. ҚР ҚК 306-бабы 3-бөлігі бойынша 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар, сот шешімімен айыпталушылардан моральдық өтемақы ретінде әрқайсысынан 7 млн теңгеден, сондай-ақ материалдық шығын өндірілетін болды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ

Айта кетейік, осыған дейін 2023 жылдың қараша айында Алматыда хостелден өрт шығып, 13 адам қаза тапқаны хабарланған болатын.