Алматыда ер адам автобуста зейнеткерді аяусыз соққыға жықты

Алматы қаласында 7 шілде күні кешкісін қоғамдық көлікте зейнеткерге шабуыл жасалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желіде тараған видеода ер адамның автобуста қарт кісіге күш қолданғаны анық көрінеді. Жолаушылардың айтуынша, оларды автобус жүргізушісі түсіріп жібергеннен кейін ер адам аялдамада зейнеткерге тағы шабуыл жасап, тіпті таспен соққы жасаған.
Куәгер пікірі
«Бүгін кешке жазықсыз зейнеткерді бір ер адам автобус ішінде ұрып-соқты. Кейін аялдамада оны таспен ұрды. Мен дереу полиция шақырдым, қорыққаннан жылап, көмек сұрадым. Әлгі адам менің айқайымды естіп, таспен маған қарай беттеп, айғайлап бірнәрсе айтты», – дейді оқиғаның куәгері, видеоны түсірген бойжеткен.
Қылмыскер ұсталды
Telegram-дағы «Криминальный Казахстан» арнасының мәліметінше, ер адамның жұбайы оның бұл әрекетін «қарындасын қорғаумен» түсіндірген. Айтуынша, зейнеткер балаға тиісіпті. Алайда бұл мәліметтер әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі агенттік тілшісіне берген түсініктемесінде, аталған дерек бойынша Әуезов аудандық полиция басқармасы тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Тергеу нәтижесі бойынша құқықтық баға беріледі
«Құқық бұзушы анықталып, ұсталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы, соның ішінде жәбірленушінің кім екені нақтыланып жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі», – делінген полиция хабарламасында.