Оқиға 9 және 10 шағынаудандар арасындағы жаяу жүргіншілер өткелінде болды
Ақтауда 9 және 10 шағынаудандардың арасындағы жаяу жүргіншілер өткелінде жол-көлік оқиғасы болды. Куәгерлердің айтуынша, көлік баласы бар әйелді қағып кеткен. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, жол апаты 17:01 шамасында Saya Park сауда орталығының жанында тіркелген.
Қалалық Instagram-парақшаларда жарияланған мәлімет бойынша, көлік тізгіні әйел адамның қолында болған. Оқиға болғаннан кейін ол зардап шеккен анаға алғашқы көмек көрсетіп, оны өз көлігіне отырғызып, Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының қабылдау бөліміне жеке өзі жеткізуге уәде берген.
Куәгерлердің айтуынша, оқиға орнына жедел жәрдем мен полиция шақырылмаған. Бұл жағдай жол апатына куә болған тұрғындардың алаңдаушылығын тудырды.
Қазіргі уақытта Маңғыстау облыстық полиция департаменті мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдайға байланысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.