«Жазамды өтедім»: актер Мейірхан Шерниязов бостандыққа шыққаннан кейін алғаш рет үн қатты

Автор: Мөлдір Қазыбай

Ол түрмеде босқа жатпағанын, фильм түсіруге дайындалып жатқанын айтты

Фото: instagram.com/make_sakevich

Қазақстандық актер Мейірхан Шерниязов Mudarabah Capital қаржы пирамидасына қатысты атышулы іс бойынша сотталып, жазасын өтеген соң алғаш рет жұрт алдына шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алғашқы сөз – бостандықта

Instagram парақшасында жарияланған жеке видеоүндеуінде Шерниязов сот процесі, колониядағы кезең және алдағы жоспарлары жайында айтты.

«Көп адам «Неге аз отырды?» деп сұрап жатыр. Отыру оңай емес. «Аз отырды» деген дұрыс емес. Бізді 2022 жылдың 19 сәуірінде ұстады, ал үкім 2024 жылдың 1 ақпанында күшіне енді. Қауіпсіздігі төмен колонияда 1 күн 2 күн болып есептеледі. Егер есептесек, мен жазамды өтеп шықтым. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға түспеймін. Сондықтан, шүкір», - деді ол.

Сондай-ақ, актер тергеу ісінің барлық мән-жайын бірден айтпайтынын, бірақ уақыт өте келе бөлісетінін жеткізді:

«Біздің іске қатысты да көп сұрақ бар. Айтарым да бар. Бірақ бәрін бірден айтпаймын, ақталды деп ойламасын. Бірте-бірте бөлісемін. Бұған дейін, өздеріңіз білесіздер, бұл жайында мүлде айтқан емеспін», — деді Шерниязов.

Үш жыл – жаңа идея мен фильмнің бастамасы

Актердің айтуынша, түрмеде өткізген уақыты текке кетпеген. Ол жаңа шығармашылық жобамен айналысқан.

«Алда жаңа кезең. Бұл үш жылда бос жатпадым. Жұмыс істегім келеді, көп түсіргім келеді. Бір жобаны дайындадым. «Братан» немесе «Братжан» деген атауы бар фильм түсіруді жоспарлап отырмын. Әзірге жұмыс атауы. Фильм түрме туралы емес, бірақ түрмеге де қатысты эпизодтар болады. Фильм негізінен бауырлар жайлы. Баршаңызға алғыс айтамын. Қайта оралғаныма қуаныштымын», — деді ол.

Шерниязов босатылды, Төребаев әлі колонияда

Актер Мейірхан Шерниязов 3 шілдеде жазасын өтеп, бостандыққа шықты. Бұл туралы ол Instagram желісінде қысқа бейнеролик арқылы хабарлады.

Бейнекадрларда ол түзету мекемесінің қақпасынан шығып, алғашқы еркін сәттерін мешітте, дұғамен қарсы алады.

Ал әзілкеш әрі блогер Мейіржан Төребаев әлі де түрмеде. Ол да қаржы пирамидасын ұйымдастыру және басқару ісі бойынша сотталған болатын.

Mudarabah Capital ісі: қаржы пирамидасы қалай ашылды?

2022 жылдың желтоқсанында Алматы қалалық прокуратурасы ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша қылмыстық істі сотқа жолдаған болатын.

Аталған іске қатысты фигуранттар Азизжан Саидбаев пен А. Ораз халықаралық іздеуге жарияланды.